Өлеңдер ✍️
Тіл мен әдебиет
(Ахмет Байтұрсыновтың рухына)
Тіл қамын Ахмет атам жасап кеткен,
Тарихын мәрмәр тасқа қашап кеткен.
Әр сөзін мақтанышпен айта алатын,
Қазақтан жаралғаным ғажап неткен.
Тіл жайын тау тұлғалар уайымдаған,
(От болып ар алдында жалындаған.)
Һәм Ахмет төте жазу әдісімен,
Ұрпақтың әліппесін дайындаған.
Қазақты "Маса" боп та шаққан еді,
"Мысалмен" талай есік қаққан еді.
Шығарған "Тіл құралы" оқулығы
Ұлт үшін бұлақ болып аққан еді.
Бірақ та, ешкім бұны түсінбеді,
Білімнің шырағына жүгінбеді.
Ахметін ит боп қапқан біздің қоғам,
Ісіне ешқашан да күйінбеді.
Күйінбей, көңілдері жадырады,
"Таза ғой" енді неден қамығады?
Есімін өлтірмеуге барын салып,
Тер төкті бағып-қаққан Самыраты.
Жүрегін текті ұлдың жаралаған,
Бұл қазақ талай жерді аралаған.
Із салып филология ғылымында
"Әдебиет танытқышты" саралаған.
Үндемей жүретінім тиыш еді,
Турашыл қай ортаға сиып еді?
Қоғамның қазақшасын байқап қалсам,
Ахметтен ұяламын пейіштегі.
Ұлтымның өлтірмесек мәдениетін,
Халықтың танытамыз қасиетін.
Ахметтің аруағы разы болар,
Қазақтың сүйсек тіл мен әдебиетін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇