Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  300


Автор: Самрат Құскенов

Әуезовтің әлемі

 



Әдебиетті бар ғалам саралайды.
Тек ұлы сөз жер жүзін аралайды.
Көзге түсіп Мұхтарды оқымаған
қараңғы боп жанымды жаралайды.



Кең болуды үйретіп Алашына,
Жөн сілтеген елдің әр баласына.
Омарханның баласы ұлтын ойлап,
Із қалдырған қазақтың даласына.



Ұлылығым Мұхтардан басталады,
Сөзім "Абай жолымен" расталады.
Прозаның жетпеген қадіріне
елді көріп көзімнен жас тамады.



Жандар қаптап тумастан толдым деген,
Білімге еш толмастан болдым деген.
Әлеуметтік жағдайды алға қойып,
Ешкім де жоқ, рухани солдым деген.



Білер еді, оқыса толмайтынын,
Білім барда қайтсе де солмайтынын.
"Көксеректен" ой түйіп байқар еді,
Көк бөрінің ешқашан ит болмайтынын.



"Қорғансыздың күніндей" түңіледі,
Қоғам - менің күнім мен түнім еді.
Қалағандар жолының ашылғанын
Әуезовтің ішіне үңіледі.



Лай түсірмей ілімнің бұлағына,
Даналықты құясың құлағыңа.
Мұхтар жауап береді әдемілеп,
Өмірдегі беймаза сұрағыңа.



Тезге салып жөндейтін тебізіңді,
Тек әдебиет естіген лебізіңді.
Әуезовтің әлемін шарлау қажет,
Тереңдеткің кеп тұрса теңізіңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу