Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  143


Автор: Самрат Құскенов

Меценаты қадірлі

 



Меценатын қадірлейтін жамағат,
Ақынына беріп жатыр жаман ат.
Осыдан-ақ байқалады, ұлтыма
Қу дүниеден тиіп жатқан шарапат.



Адал астан озды бүгін арам ас,
Ақшасы жоқ адам түкке жарамас.
Ақындар да жағаласа байларды,
Демек, біздің ел - рухани жалаңаш.



Руханиятын керек қылмай еліміз,
Ешқашан да ұлықталмас тегіміз.
Меценаты қадірлі ел тұрғанда,
Ұяттан мүлде қызармайды бетіміз.



Міне, менің қабырғама батқаны,
Ар-намыстың тас-талқан боп жатқаны.
Бүкіл байды демеуші қып көрсеткен
Халықтың өз абыройын шашқаны.



Қолым-қысқа, шықпай қалды үнім де,
Ұйқы көрмей өтіп жатыр түнім де.
"Меценат!" деп, құйрық жалап жүргенде,
Мәңгілік ел мерт болмасын түбінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу