Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  225


Автор: Самрат Құскенов

Махаббат тілі - жүректе

 



Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,
Көзбен көр де ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл.



Абай



Байқамай жүрсе өзіңді,
Қор қылма меруерт сөзіңді.
Тәкаппар сұлу сынайды,
Бола біл, сүйсең төзімді.



Қажет етпейді бөзіңді,
Түсірме жерге көгіңді.
Қыз өзін биік қойып жүр,
Сезбесе мөлдір көзіңді.



Бір сөз де шықпас тісінен,
Сөйлесе алмас кісімен.
"Сені жек көрем!" десе де,
Көрінер сезім ісінен.



Қызғанғаны да байқалар,
Қызыққаны да жай қалар.
Мейірім төккен жүзінен,
Бақыттың бағы шайқалар.



Жанары оттай лаулаған,
Көңілі құтты аулаған.
Түсіңе кіріп елес боп,
Қырсықтығымен жаулаған.



Қалдырмас сені жайыңа,
Қайтпайды мүлде райынан.
Ақырын кіріп ішіңе,
Айналар нұрлы айыңа.



Мазалап қоймас түнімен,
Алдыңда жүріп күнімен.
Махаббат тілі - жүректе,
Үндескен мұхит үнімен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу