Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  400


Автор: Самрат Құскенов

Әкем де қызық

 



Алматы сенің басыңнан сипай қоймайды,
Деп әкем асыл перзентін әр кез ойлайды.
Иіліп жастық, төселіп көрпе болмасын
Білемін, бірақ, дарынды ешкім жоймайды.



Алматы мені бауырға бірден баспайды,
Мән-жайды білген жас талант бұдан саспайды.
Бір Алла қолдап, несібе берген бәріне,
Бұйырған нәрсе, бәрібір менен қашпайды.



Әкем де қызық, түсінбей жүрген баласын,
Ертеден серік деп келген өнер саласын.
Талантым мені сыйдыртпай туған қалама,
Жаныма қас қып қойды ғой сайын даласын.



Ұққаным, үміт күтесің қырсық балаңнан,
Не шықпақ, әке жылуы кеткен шалаңнан.
Қасиет - бөтен шаһарда жүріп опық жеу,
Қасірет - опа таппасаң туған қалаңнан.



Қызылжар мені өзектен теуіп келеді,
Жабылып бәрі ессіз деп баға береді.
Саяси-қуғын сүргіннен зардап тартқызған
Аюдан қалған маймақтай қылып иледі.



Түсіне алсаң, Қызылжар үшін бауыр ек,
Жауына елдің мінезі қатаң, ауыр ек.
Туыстан көрген қиянат - нағыз қиямет,
Жат біреу қастық қылғаны одан тәуірек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу