Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  336


Автор: Самрат Құскенов

Бір журналист бар

 



(МЫСҚЫЛ)



Ой іздесе,
Ауызында шылымы,
Фильтрінде тұрғандай-ақ шырыны.
Бір журналист бар теріскей өңірде,
Ел назарын аударар әр қылығы.



Мақсаты бар, елдің болу ұлысы,
Іздеп жүрген әр жағдайдың дұрысын.
Көк түтінге тұншыққанда кеудесі,
Алға басып, жүріп кетер жұмысы.



Сұхбаттасу - хоббиі ме, ісі ме?
Біле алмайсың,
Кірмеген соң ішіне.
Диктор, сосын тілші болып зырылдап,
Айналмақшы пысықтардың біріне.



Бастық болар түрі де бар, аңғарсам,
Тың ойларды ақтарып жүр шаңдардан.
Есімімен таң қалдырып маңайын,
Алдына кеп жығылғандай сан арман.



Ұйқысы бар, түнде келмей қалатын,
Таң атқанда аяғынан шалатын.
Аттасына жапсырған соң барлығын,
Бастығы да бір кешіре салатын.



Қалықтаған журналистика көгінде,
Ертегілер түсінде емес, өңінде.
Атын айтқың келмесе де, айтатын,
Бір журналист бар Қызылжар төсінде.



Аты, мүмкін, қазір оның ғажабы,
Келешекте болады ғой азабы.
Есіміне сенсе, орға жығылар,
Бәлкім, шыңға алып шығар талабы.



Талабына байланысты барлығы,
Жазса, еңбек-кітапшаның жарлығын.
Бір журналист бар солтүстік халқында,
Атын естіп құритын денсаулығың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу