Өлеңдер ✍️
Компьютерге үңілгеннің барлығы
(МЫСҚЫЛ)
Компьютер-ай, болғанымен зиялы,
Мекемеге тиген талай зияны
Алға баспас әкімшілік жұмысы
Ойын қуса жұмысшының қиялы
Шаруам шығып бүгін аяқ-астынан,
Бас тартқан ем демалыстың шартынан.
Бөлмесіне кірсем, қақпай есігін
Шырқалмай тұр жұмыс деген алтын ән.
Досым отыр компьютерге үңіліп,
Жан әкесі өлгендей бір түңіліп.
Қарсы алдына келдім, бірақ, көрмеді,
Екі көздің қарашығы жүгіріп.
Амандастым, сәлемімді алмады,
Алдындағы шайға да көз салмады.
Сол қолына пернетақта жабысқан,
Тышқаны да оң қолынан қалмады.
"Істеп отыр," "істеп отыр," бас алмай,
Болашаққа бір қадам да баса алмай.
Компьютерге еніп кеткен кісідей,
Қызметкерім отыр түк те жаза алмай.
Еңбекқорлық қалыптасқан бойында,
Не бар осы замандастың ойында,
Деп еңкейіп компьютерге үңілсем,
Әбден кіріп кеткен "Қырғын" ойынға.
Атып жатыр, өзі де жатыр атылып,
Тамашаның нұрлы таңын атырып.
Жұмысының компьютерін армансыз,
Ойыншық қып қойды елді қатырып.
Жаза бермей бұл өмірдің қара-ағын,
Ақтарыңдар қызметтің де парағын.
Компьютерге үңілгеннің барлығы,
Жұмыс істеп отырған жоқ, қарағым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇