Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  796


Автор: Самрат Құскенов

Желтоқсанның он алтысы

 



Азаттықтың көреміз деп ғажабын,
Боздақтардың ұмыттық қой азабын.
Сергелдеңге түсіп, талай от кешкен,
Тышқан мұрнын қанатпаған қазағым.



Ереуілге шыққан жастар сорлаған,
Ұлын дарға асып, қызын зорлаған.
Бір қазақша сөз білмейтін Колбинге
Ел басқартып, қазақ тілін қорлаған.



Бірақ, қоғам қорлыққа жол бермеді,
Мехнат шегіп, Отан үшін ерледі.
"Бізді орыс емес, қазақ басқарсын!",
Деген ұран ер жүрегін тербеді.



Ерлер "Халық жауы" болып атылды,
Қызды шаштан жұлып, мұзға қатырды.
Тарихыңды ашсаң, бірден жарқырап,
Көзге түсіп, қабырғаңа батырды.



Сол қабырғам қайысқан соң ашынам,
Ұлтым үшін теңіз болып тасынам.
Қандастарын көрген сайын Колбиннің
Қанды көзбін, таусылғандай қазынам.



Күн кешсем де ішіп астың халалын,
Менің жаным мәңгілікке жаралы.
Желтоқсанның он алтысын тойлама,
Болашаққа таңба басқан қаралы.



Ұлтқа қызмет ету алған білімде,
Ұлт болмаса, мән жоқ жиған ілімде.
Желтоқсанның он алтысын ұмыттың,
Сөйлеп жүрсең, сайрап орыс тілінде.



Тәуелсіздік Құдай жазған туынды,
Тәубесіне салған бірден қуыңды.
Он алтыншы желтоқсанда аза тұт!
Төмен түсір желбіреген туыңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу