Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  164


Автор: Самрат Құскенов

Түбі бір Түрік - бауырым

 



"Жер сілкінісі болды!" деп
Құлаққа жетті жаңалық.
Көзім де жасқа толды кеп,
Тоқтамай сөзге даналық.



Сақталсын қалай сабырым?
Бауырлас халық қырылды.
Үлгермей қазып қабірін,
Қанша адам үйден сырылды?



Зілзала дейді барлығы,
Айрылды әлем есінен.
Құдайдың осы жарлығы,
Сынақ деп мен де сезінем.



Түріктің көріп қаласын,
Шағылып тауым құлады.
Қастерлеп сайын даласын
Бүйрегім бұрып тұрады.



Көк түрік еді тегіміз,
Түркі дүниесі жасасын.
Тарихта қалып бегіміз,
Іздеген ойдың тазасын.



Түркінің рухы өлмесін,
Ежелден бірге діліміз.
Дін Ислам тасы өрлесін,
Мәңгілік өлмей тіліміз.



"Күлтегін" еді дастаным,
Жаттасам ойдың тәуірін.
Ашық боп тұрсын аспаның,
Түбі бір Түрік - бауырым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу