Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  169


Автор: Самрат Құскенов

Семейім мен Қызылжарым

Семей Абай облысы деп қайтадан ашылғанда Қызылжарда дүркіреп республикалық ақындар айтысы өтіп еді. Семей даласы өртке оранып, бірнеше тұрғынынан айырылғанда Қызылжарда жаңбыр жауып, дала боздап, жылап тұр. Осы Семей мен Қызылжардың ақын-жазушылары былай тұрсын, табиғаттарының өзінде адамзат баласы түсіне бермейтін рухани байланыс бар-ау. Семейім аман болсын!



Автор



Семейді ораған соң қызыл жалын,
Жылап тұр нөсерлетіп Қызылжарым!
Не деген табиғаттың тылсым күші,
Қос елдің туыс қылған қыз-ұлдарын.



Алаштың астанасы - Семейім-ай,
Өзіңді ырысыма теңейін-ай.
Сабырдың не екенін ұқтырған ел,
Сынақты жеңеріңе сенейін-ай.



Оттан да ыстық едің Алашыма,
Рух беріп елімнің әр баласына.
Қазақтың бас ақыны Абай туып,
Айналған руханияттың дарасына.



Өртеніп бара жатыр, күйіп ішім,
Тарихта өзің едің сүйінішім.
Жұртыңа медет бола алмағаным,
Өзекті өртеп тұрар күйінішім.



Халқыңды өрттен қорғай алмағаным -
Ер болып батылдыққа бармағаным.
Абайды хакім көрген Мағжан құсап,
Ат ізін ұлылыққа салмағаным.



Құдайдың өзі сақтап орманыңды,
Тілсіз жау құлатпасын қорғаныңды.
Депутат Ринатыңмен бірге болмай,
Түсіндім қайырсыз ұл болғанымды.



Қазақстан Алла берген қызыр бағым,
Тағдырдың кедергісін бұзып жарғын.
Ақиық боп қағам қос қанатымды,
Сау болса, Семейім мен Қызылжарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу