Өлеңдер ✍️
Қайсар рух
Еңсеңді көтер,
Ұрпағы текті арланның,
Жұмбағын шешкен кім дерсің бес күн жалғанның?!
Сынақтан ауызбіршілік болса, өтеміз,
Шыңына жетіп, қол жетпес асқақ арманның.
Желбіреп көкте тұрғанда байрақ, туымыз,
Халыққа қорған болғанда орман-нуымыз.
Сағымыз сынып, салымыз суға кетпейді.
Ұйымшыл болсақ, балдан да тәтті уымыз.
Азаттық барда,
Металл боп қалар алтын да,
Бір ел тұр, жауға шабатын ердің артында.
Қарияға құлақ түруді білсе, жас буын,
Докторлық білім халықтың дәстүр-салтында.
Елдіктің мән мен мазмұны – «Қазақ» ұлтымыз,
Тегіне тартып туған біз – әлем Құртымыз*.
Бірлікті ақырзаманға дейін сақтайық,
Қашанда тату-тәтті боп ата жұртымыз
Шежіре болып жалғасып келген діліміз,
Қазақтың асыл діңгегі – ана тіліміз.
Қазақстан – Отан!
Оттан да ыстық мекенің,
Тарихи әрбір тұлғасы – біздің піріміз!
Қайсар рух керек!
Сақталсын десек жеріміз,
Сол жерге сіңсін еңбекпен төккен теріміз
Кешегі бала, ертеңгі дана – бүгіні,
Аман бол, баба мирасы болған еліміз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇