Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  334


Автор: Самрат Құскенов

Тәуелсіз Қазақстанның Астанасы

Астана, жырым сенен басталады,
Сенімен Азаттығым расталады.
Салдырып болашақтың Жібек жолын,
Зор үміт ел сенімін ластамады.



«Жас қала!», - деп қазағым елеңдеді,
«Бас қала – Ару қала, келем!», - деді.
Бірақ та, Қараөткелдің заманына
көз салған ұлт білімі тереңдеді.



Сан ғасыр тарихыңды ұғар елім,
Төріңнен асуларға шығар ерім.
Несіне мінем жырдың Бозайғырын,
Бозоқтың жырламасам мұрагерін.



Бұл күнде Елордасың Алашыма,
Құт болған Сарыарқаның даласына.
Нұра мен Есілімнен қуат алып,
Нұр төккен қазақтың әр баласына.



Өз халқың күлетін де, жылайтын да,
Өзіңді мақтайтын да, сынайтын да.
Қосшыға тіркелгенмен мекен-жайы,
Қосымша жұмыс істеп қимайтын да.



Қалайша аттың басын бұра алмаймын,
Өлеңді жүрек жазбай, құра алмаймын.
Қояншық болғандықтан, саған жақын
Қоянды ауылында тұра алмаймын.



Құбылтып ақ сәулемен құба белді,
Ажарың тамсандырып тұр әлемді.
Бұлақсай, Қызылсуат босағаңнан
сыр ашып мемлекетке тұрар енді.



Тек қана сені халық қалап келді,
Атыңды бақытына балап келді.
Қолдаса батырлардың аруақтары,
Келешек танып қалар Талапкерді.



Астана – игіліктің бастамасы,
Бәрі де Ақордадан басталады.
Нұрсұлтан Назарбаев мөрін басқан,
Тәуелсіз Қазақстанның Астанасы.



Үкімет пен парламент кеңеседі,
Терезем басқалармен теңеседі.
Нұрлы жол вокзалынан билет алып,
Ертеңге кетер ақыл-кеңес еді.



Адамзат өткен шағын ұлықтайды,
Нәпсісін өзінше бір құлыптайды.
Болатын үлгісі де, сабағы да,
Тарихын мәңгілік ел ұмытпайды.



Кез келді әр кезеңді саралайтын,
Сәт болар жүректі де жаралайтын.
Астана – еліміздің көзайымы,
Меймандар таңдай қағып аралайтын.



Отаным жылдар санап түрленеді,
Құлпырып, таңғажайып түрге енеді.
Қазақстан Астанамен өркендеп тұр,
Астана Қазақстанмен гүлденеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Медина
Медина 12.10.2025 19:55
Мен Астанадан мың және мен Астанамды сағынып отырмын

Пікір жазу