Өлеңдер ✍️
Еңбегіңнің бағаланбай жатқаны
Өз жаныңнан артық көріп еліңді,
Бәрінен де қымбат қылып жеріңді.
Қайраткерлік жасағаның білінбес,
Руханиятқа сіңірсең де, теріңді.
Қатты айтсаң, таяқтайды, ұрады,
Ақиқатты өтірікке бұрады.
Босағада жүрсең, көтің тілініп,
Қақ төрде көт жалағандар тұрады.
Әділдіктің жоғына кеп налисың,
Арамзаны шеттерінен танисың.
Ертеңіңе қам жегенді жек көрсең,
Қайран қазақ, енді қашан дамисың?
Жалған баса берсе, әрбір мөріңді,
Мәңгі-бақи көре алмайсың өріңді.
Еңбегіңнің бағаланбай жатқаны –
Елдің күліп қазғаны ғой көріңді.
Ұлт бағына қарай туған асылды,
Опасыз жұрт қоймасына жасырды.
Асуларды бағындыра алмаспыз,
Тұғырынан тайдырмасақ, масылды.
Тәлім-тәрбие кетті үлкен-кішіңнен,
Сөзің сәйкес келе алмайды ісіңмен.
Өз бағаңды бере алмасаң, еріңе,
«ЕЛІМ!» деген ер шықпайды ішіңнен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇