Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  144


Автор: Самрат Құскенов

МҮШАЙРА

Қалам ұштап ғұмыр кешкен жақындар,
Өздеріңе мұң шағуға қақым бар.
Қазақты шын сүймейсіңдер, неліктен?
«Мүшайра!» деп шырылдаған ақындар!



Қара болып көрініп жүр ағымыз,
Ел алдында біздің алтын тағымыз.
Зерттелмеген тұлғаларға арналған
Мүшайрадан ашылмайды бағымыз.



Жүлде қоры болып кетті құнымыз,
Боқ дүниемен сабақтасып мұңымыз.
Тарихтың әр бетіне көз жүгіртсек,
Пенделік боп есептелер бұнымыз.



Мерейтойдың қаржысына жалданып,
Неге жүрміз құнсызданып, малданып?
«Мүшайра!» деп ережені саралап,
Отырмыз шарт, талаптарға алданып.



Суырылып өмір кетсе тақымнан,
Орын түгіл, айрыласың жақыннан.
Несі артық қаңқылдаған қарғаның,
«Мүшайра!» деп қыңқылдаған ақыннан?



Әдебиеттің ары көлге батқандай,
Ой бұлағы мұз боп бірден қатқандай.
Таланттының жолын ашар іс-шара,
Таланттының жолын жауып жатқандай.



Өзін жақсы көрсеткенмен әкімдік,
Руханиятқа байқалмайды жақындық.
Жөн-жосықсыз өткізілген байқаулар
кесірінен зардап шегер АҚЫНДЫҚ!



Әділ-қазы алқасы жоқ бағалар,
Сайыс қайтып құндылықты жағалар?
Күнкөріске айналған соң той-думан,
Мүшайраны жек көрсін бе «АҒАЛАР?!»



Көші қайда тоқталар бұл мазақтың?
Шабыт күйін кешіп кетті масақтың.
Көрінгеннің мүшайрасын өткізіп,
Ләйліп қалды әдебиеті қазақтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу