Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  166


Автор: Самрат Құскенов

Нұр Отан

Нұр Отан, дұрысталар кезің қашан?!
Мен бүгін бір шындықтың бетін ашам.
Жемқорлық, парақорлық болмағанда,
Қазақстан өсер еді әлдеқашан.



Кәсіптік білім алдық пайдасы жоқ,
Дипломың шаң басылып қалатын боқ.
Себебі әр жұмысқа көке керек,
Әйтпесе орналасар қызметің жоқ.



Жанармай, азық-түлік қымбаттауда,
Бағасы күннен-күнге ғарыштауда.
Жалақы тоғыз жүз мың болғандықтан,
Мән бермей депутаттар үн қатпауда.



Қаншаға жүреміз-ау біз шамдана?!
Ызғарын елге төгіп тұр Астана.
Қытайдың саудасының жайылуы,
Қалдық қой құл болуға аз-ақ қана.



Ақшаға қазақ қызы тән сатуда,
Жаныңды ләззат беріп толғатуда.
Қыз болса ұлттың ары, ел тірегі,
Ендеше, ұлт намысы қорлануда.



Түрмеге ұлың түсті ұрлық жасап,
Қылмысы жүрегіңді тұр жаралап.
Өзіне тәуелді қып қойған ақша,
Керек болып маңыңда жүр жағалап,



Барлығы жұмыссыздық салдарынан,
Айрылса амалсыздан ел барынан.
Пайдалы іс болмаса тұрғындарға,
Не пайда Үкіметтің заңдарынан.



Халық та қоймайды ма сан талапты?!
Ел үшін шенеуніктер не жасапты?!
Редакция, телевизия қорыққаннан,
Өтірік шолып өткен шартарапты.



Бүргедей талап елдің қазынасын,
Отырған дөкейлерге ашынасың.
Нұр Отан мүшелерің аш көздікте,
Бір күні бар байлықтан қағынасың.



Шындықты айта алмай ел жасқана,
Үйретер баласына қай ата-ана?!
Кеңседе отырғанның бәрі орыс,
Тер төккен құрылыста қазақ қана.



Жалдамалы пәтерден көз ашпаған,
Еті үйренген сондайға ұлт саспаған.
Баспанамен қамты деп қолқа тақсаң,
Қайыры жоқ билік бет қаратпаған.



Бұйырмайды орысқа берген атақ,
Бір себебі еріншек болған қазақ.
Биліктегі өзге ұлт өкілдері,
Қара жұмыс істейтін жалғыз қазақ.



Бәрін де ойлай беріп ми ашыған,
Аққұлақ бізді дүлей деп таныған.
Басқа ұлт тап-таза боп қағаз жазса,
Қазақтар қап-қара боп жүк тасыған.



Беретін есебі жоқ әкімдер жүр,
Айтқаны ақиқатқа сай келмей жүр.
Халықтың әл-ауқатын ескермейді,
Қарнының шыққанына мәз болып жүр.



Қоршаған жағымпаздар айналасын,
Құдайға не деп ертең ақталасың.
Жөн болар соны ойласа арам тамақ,
Өзінің қамтып жүрген қара басын.



Малұғын кісілерден құрылғансың,
Тақырдан оңбай келіп ұрылғансың.
Нұр Отан өз-өзіңді қолға алмасаң,
Шелегің тесік болып тұтылғансың.



Қу түлкі заманында жүрген елміз,
Желтоқсан ызғарынан кеткен елміз.
Алаңда Сафуан, Жұбан сөз сөйлеген,
Бұны да ерлік демей келген елміз.



Қазақстан тәуелсіздік алсаң-дағы,
Ел болдық қалып қойған батпақтағы.
Әділдік іздеп көрге ерлер кірді,
Тоты құс торға түсіп бақшаңдағы.



Елемей еркіндікті қулықтары,
Жарылып кетейін деп қуықтары.
Қор болса Сафуан, Жұбан тұқымдары,
Жайнап жүр ғой Колбинның туыстары.



Қазақша білмегенге қарамаймыз,
Еңбегін өңімді деп бағалаймыз.
Бір қазақ орыс тілін меңгермесе,
Неліктен аш қасқырдай табалаймыз.



Нұр Отан осы ма еді жетістігің?!
Ұлтыңа деген жоқ па беріктігің?!
Мемлекет бетке ұстар партиясың,
Шылбырын босатпасын еріктігің.



Орысты тәубесіне түсірейік,
Қытайдың саудасына түкірейік.
Қазақтың салт-дәстүрін ардақ тұтып,
Ие болып өз жерімізде жүгірейік.



Көлгірсіп қазіргіңді жақтай алам,
Көпіре мақтап сені атақ алам.
Бірақ та ұрпақ қамы не болады?!
Сондықтан келер шақты еске алам.



Болашақ қала берер біз өлгенмен,
Уақыт та бір орында біз өткенмен.
Нұр Отан соның бәрін ал ойыңа,
Құр сөзбен ел алдына нұр төккенмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу