Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  213


Автор: Самрат Құскенов

ЖІГІТТІҢНІҢ СУРЕТІ

 



Бұл жалғанға айтқаныңмен базына,
Сағыныштың тербелесің сазына.
Жігітіңнің суретіне қарап жүр,
Үмітіңнің айналатын жазына.



Арамызда болғанымен қашықтық,
Екеуміз де кездесуге асықтық.
Көкжиекке жетелейді жаныңды,
Жігітіңнің көзіндегі ғашықтық.



Ақыл-сана болса ғана басыңда,
Алдыңа кеп иіледі қасың да.
Сезе білсең, қос жүректің жолдары
Тоғысады жігітіңнің қасында.



Сұлу жүзің талай сырды ақтарған,
Кезіміз жоқ ар алдында ақталған.
Саған қажет таңғажайып әлем де,
Жігітіңнің бейнесінде сақталған.



Өзің болдың өмірдегі шешімім,
Ұлы көште артылған бар сенімім.
Галереяңда сақталмаса суретім,
Жүрегіңде мәңгі қалсын есімім.



Жанарыңа сыйғызған соң жер бетін,
Ажарыңмен жүрсің мені тербетіп.
Асыл жансың, айналдырсаң тұлғаға,
Қиял қуған жігіттіңнің келбетін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу