Өлеңдер ✍️
ЛИРИКА МЕН ДРАМА
Өмір бізді еркелете қоймайды,
Тәлкегіне салып тұрып ойнайды.
Айналдырып көңіл-күйдің құлына,
Өнерлінің ізін мүлде жоймайды.
Көптің жанын жадыратып сөзіміз,
Жеткен талай нақтылыққа көзіміз.
Сөйте тұра күлдіреміз қоғамды,
Бұл жалғанда жылап жүріп өзіміз.
Қалсақ-тағы бай-манаптан кейін біз,
Білген едік докторантқа дейін біз.
Қайғырсақ та, қарс айрылып көкірек,
Жамағатты қуантуға бейімбіз.
Кім байқайды көңіл шерге толғанын
Елге артқан үміт гүлдей солғанын,
Лирикалық өлең оқып тұрғанның
Трагедия кейіпкері болғанын?!
Тек өнерпаз өлмейтін сөз тереді,
Руханиятқа үлес қосып келеді.
Драмаға толы ғұмыр кешсе де,
Лирикалық шығармалар береді.
Күйбең тірлік ішкізбейді шырынды,
Жұртқа аян қылып, ішкі сырыңды.
Білсең, қанша зардап шегіп жазғанын,
Оқып жүрген лирикалық жырыңды.
Қайтып келмес бұл дүниенің көктемі,
Шабытыңның шықса-дағы от демі.
Азап тартқан авторларға бас ием,
Лирика боп сақталатын өткені.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇