Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  147


Автор: Самрат Құскенов

СОЛТҮСТІКТІҢ МУЗЕЙІ

 



(Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығына арнаймын)



Ғасырларды тығып әрбір залына,
Асылдарды айналдырған балына.
Бағасына жете алмаған музейдің
Дақ түсірер өз ұлтының арына.



Тас дәуірі ойға өнер түйреткен,
Андронов өркениетті сүйреткен.
Ұлы Дала мәдениеті – Ботайым,
Жылқы малын қолға алғаш үйреткен.



Құтқа балап өмірдің әр кезеңін,
Бізге дейін замандарды сеземін.
Байқараның алтынына қызығып,
Жырлап Ақ-тау қалашығын кеземін.



Өткенімді білмесем, кім болғаным?
Ел тарихын білсем, нұрға толғаным.
Қызылжардың киесінен қаймығып,
Өздігінен алған Пётр қорғанын.



Ер жігітке құны болмас өкпенің,
Хас шебері боп жүрсе де төкпенің.
Ұлттық рухым оянады «Қазақ!» деп,
Көрген сайын Сегіз сері шекпенін.



Музей барда, өркендеймін, өнемін,
Ескінің де жұрнағына төнемін.
Ақын Ерік Асқаровтың лупасын
Пайдаланып көзін табам көненің.



Ізденгеннен таусылмайды тағатым,
Жігіт едім ата сөзін бағатын.
Ескертпесін деп уақыттың өткенін,
Тоқтатқанмын Жарасбайдың сағатын.



Мемлекеттің байлығы бар ішінде,
Көпес сызып, белгілеген пішінде.
Солтүстіктің сырға толы музейі
Мән беріп тұр өлкетану ісінде.



Жәдігердің астарына үңілем,
Мәліметті зәмзәм судай сімірем.
Біздің өмір мағынасыз болғанмен,
Музей, мәңгі ғибратты ғұмыр ең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу