Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  185


Автор: Самрат Құскенов

БӨСПЕ СӨЗ МӘЖІЛІСІ

 



Қайда жүр, өнегелі ағаларым?
Елінен алатын өз бағаларын.
Сөзімен құлақ етін жеп отырмай,
Ісімен тәрбиелеген шағаларын.



Бұл күнде жасын талдап төрлейтұғын,
Ағам көп мінін мүлдем көрмейтұғын.
Өзгеге сұқ саусағын шошайтқанмен,
Артына із салмаған өлмейтұғын.



Мақтанның салып тұрып алапатын,
Халқына тигізбеген шарапатын.
Құдайға шүкір айтып, көрсетеді,
Көт жалап жүріп алған марапатын.



Ой түймей ақсақалдар алқасында,
Жүрсе де данышпандар дәл қасында.
Ініге аға болып жарыта ма?
Өскендер көкелердің арқасында.



Уақыттың өзі шыңға беттетеді,
Әлсіздер кіл мықтыны ит етеді.
Сөзіңнен бұрын ісің көзге түссе,
Бөспелеу ағаларың шеттетеді.



Жөн болмас ағаларды сөгетінім,
Жоғалтып құнын «Тәртіп» бөгетінің.
Тұрса да алдым менің қараңғы боп,
Жырымды сынап-сынап төгетінім.



Қит етсе, жылап, босап көңілдері,
Өнбеген жастық шақтың өнімдері.
Бөспесөз мәжілісі кімге қажет?
Ойлаңдар, аға буын өкілдері!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу