Өлеңдер ✍️
ГҮЛНҰР АПАЙ, ҚЫМЫЗЫҢЫЗ БАЛ ЕДІ
Беделіміз – бүгін сері, сал еді,
Таланттыға Алла өзі жар еді.
Дәмін тату – арман болған қашанда,
Гүлнұр апай, қымызыңыз бал еді.
Маужырасақ күн көзіндей түстегі,
Назымыз да айтылады іштегі.
Қыр тағдырын көкжиектен болжаған,
Сары қымыздың алынбай тұр піспегі.
Бір орында қалмаған соң тұрақтап,
Бағымызды кім бар тіккен құрақтап?
Көптен бері жазылмай жүр жырымыз,
Қымызыңыз тұрмаған соң бұлақтап.
Гүлнұр апай, шөлімді сіз, басыңыз,
Қасиетті ақтан болып асыңыз.
Өзіңізге еркелеймін іні боп,
Жиырма бестен әрі асса да жасыңыз.
Не болса да, бізді ойлай жүріңіз,
Өлеңге де аздап құлақ түріңіз.
Атыңызға затыңыз сай болсын тек,
Мәнін ашып нұрыңыз бен гүліңіз.
Бұл ойымды елдің бәрі қостаған,
Шын дарынды бар ынтамен хоштаған.
Үйлесімді болар еді Гүл мен Нұр,
Ұсынсаңыз қымызды бір тостаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇