Өлеңдер ✍️
НАУРЫЗКӨКТІҢ ҚАНАТЫ
Қосылып өнерпаздар санатына,
Жалғанның бөленсем де рахатына.
Сағыныш сазын жазып жіберемін,
Жыр байлап наурызкөктің қанатына.
Наурызкөк барса туған ауылыма,
Мезгілдің қарсы тұрып дауылына.
Үйімнің маңайына ұя салғаны,
Басқандай болар анам бауырына.
Тілегін орындамай жалғыз көптің,
Кей кезде тыныш күннен дау іздеппін.
Қаланың тұрғынына айналған соң,
Даусына елеңдеймін наурызкөктің.
Көк қанат, ақ денелі, сары бауыр,
Табаны тиген жердің бәрі тәуір.
Береке бастауы деп бағамдасам,
Түзелер өмірімнің халы ауыр.
Көз салмай зулап өткен уақытыма,
Қол создым жете алмаған жақұтыма.
Жаршысы бола білген жақсылықтың,
Наурызкөк жеткізе ме бақытыма?
Сырласар адам таппай қиялдаймын,
Өзімді бақ қонар деп жиі алдаймын.
Бұл күнде жалғыздықтан көңілім – пәс,
Талантпен жер мен көкке сыя алмаймын.
Баз кештім, көктемді де күзге балап,
Үй іші ұқпағаным түзге жарап.
Отырмын Құскенов боп танылсам да,
Ұшқан құс салып кеткен ізге қарап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇