Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  150


Автор: Самрат Құскенов

СУҒА КЕТКЕН ТҰРҒЫНДАР

 



Білмедім төрт мезгілде талап қандай?
Іргемді көршім алтын жалатқандай.
Іріген шежірең өз тамырынан,
Шіріген ұрпақтарын таратқандай.



Аптығын ару-көктем баса алмады,
Аспаным нұр-шуағын шаша алмады.
Сөз жарқын болашақты меңзегенмен,
Іс қарғын судан әрі аса алмады.



Ел қамын жемес, іші лас болғандар,
Жүрегі жібімейтін тас болғандар.
Суына алапаттың күліп тұрар,
Буына боқ дүниенің мас болғандар.



Қазағым жоғалтқан соң асылдарын,
Тасада қалып қойған хас ұлдарың.
Малынан ел айрылды абайсызда,
Арынан безіп тексіз масылдарың.



Тізесі құрғақ сөздің жырылады,
Елдік те түп санадан сырылады.
Теңгеміз буға айналып жатқандықтан,
Тұрғындар суға кетіп қырылады.



Көрсең де иттен төмен шайырыңды,
Жимаймын оңайлықпен айылымды.
Қор қылып ата жұртты даттаса да,
Қор ашты өз-өзіне қайырымды.



Ер азар төрден орын алмаған соң,
Шыңдарға өшпейтін із салмаған соң.
Халқымыз өзін-өзі жарылқап жүр,
Мінберде ат ұстары қалмаған соң.



Ешқандай сабақ алмай мұрағаттан,
Мағына табамыз ба ұлағаттан?
Батырды туар ана іздемейік,
Шатырды паналаған жұрағаттан




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу