Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  183


Автор: Самрат Құскенов

ӘКІМНІҢ ӘКЕСІН МАДАҚТА

(МЫСҚЫЛ)



Өсер ұл құлдыққа бағынған,
Жұмысын үйіндей сағынған.
Халықты жақтырмай сын айтқан,
Әкімге жеткізер «шағым-ән».



Әкімді Құдайға балаған,
Сөзіне Құрандай қараған.
Ісіне ел риза болмаса,
Бір өзі қасқырдай талаған.



Өзінің ұқсатып бегіне,
Жетпеген мақтаудың шегіне.
Жазатын қабілет болса егер,
Қалам да сермеген тегіне.



Қастерлеп бабасын, атасын,
Алатын жұртының батасын.
Көз жұма салады оп-оңай,
Көрмейін деп әкім қатасын.



Шындыққа жеткізбе көзіңді,
Билікке көбейтпе сөзіңді.
Әкімнің әкесін мадақта,
Шенеунік санасаң өзіңді.



Лауазым бір сәтте бұйырар,
Үстіңе құт-ырыс құйылар.
Әкімнен одаңды аямай,
Әкесін пір тұтсаң сыйынар.



Сен сонда қиналмай өсесің,
Лашықтан коттеджге көшесің.
Әкімнің әкесін жат көрсең,
Бір жерде отырып өшесің.



Білмеген шындықтың Сәкесін,
Байқамай руханият Жәкесін.
Қай жаққа барады бұл заман,
Ұлықтап әкімнің әкесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу