Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  140


Автор: Самрат Құскенов

КҮТ

 



Күт, қазағым! Болашақта академик, классигің мен болам,
Керек десең, арда туған Евней, Әлкей, Қаныштармен тең болам.
Қазақстанның тарихында таңбаланса Қызылжарда салған із,
Сырға толы жырларыммен жараланған жүректерге ем болам.



Көкесінің жетегімен танылғандар топтан озған шайыр боп,
Жүргенімен атақты сал-серілерге жылтыраған тайыр боп.
Ұлт перзенті болып олар ешқашанда жарытпайды, себебі,
Өз ажалын күткен шалдың қас-қабағын баққандардан қайыр жоқ.



Кейбіреулер атақ үшін құнын сатып, қаштырады киесін,
Өздерінше лайық көрмей, алып тұрған марапаттың иесін.
Сорлы қазақ, қашан жұрттың шаттығына қуанасың, сүйсініп?
Талантыңа қашан ұлы шығармасын мойындап, бас иесің?



Сол талантың мен боламын, қайран қазақ, мойындама, мойында,
Абайлар да жаза алмаған дүниелер бар қорытпаған ойымда.
Ұлтқа қызмет ету – тар жол, тайғақ кешіп, жоқшылыққа көнігу –
Конференция тақырыбы болып тұрар сексен жылдық тойымда.



Жұмысымда кемшілік жоқ, тура бетке шындық айту – айыбым,
Арыма дақ түсірмеуге барымды сап, кестім ойдың Қайыбын*.
Мерейтойда ескермейтін естеліктер айтылғанда төгіліп,
Құшағыма енген сәті еске түсіп, қан жылайды зайыбым.



Ұлы ақынмен бір жастықта қартайғанын басқа қонған бақ етіп,
Сүйген сұлу әйеліме бүкіл қазақ жаудырғанда рахметін.
Құскеновтың ескерткішін құшақтаған қыздар жылап жеткізер,
Қыз күнінде қияли деп қарамаған әжесіне лағнетін.



«Тірісінде қайда қалдық, шын талантты қадірлесек, елесек»
Күт, қазағым, өзегіңді өртейтін сол өкінішің келешек.
Жазатынды жазып жүрмін күн, түн демей архивіңді ақтарып,
Өлгенде де алдында өз ұрпағымның болмайын деп берешек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу