Өлеңдер ✍️
ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚ ЖАМАҒАТ
Әй, не дейді?
Қоғамдағы «сүреміз»,
Дүрбелеңге біз де құлақ түреміз.
Сегіз сері болмаған соң тарихта,
Пётр, Павл күнін тойлап жүреміз.
Тек өзіміз ұлттың туын жығамыз,
Тіл дегенді мойынынан сығамыз.
Қожаберген жырау жоқ деп түбінде,
Имамдарды шіркеулерге тығамыз.
Су тасқыны орын алып көктемде,
Табиғатым өз залалын төккенде.
Ақыл-естен айрылған соң бір сәтте,
Үйсіз қалған жұртың жатқан көк белде.
Сәуір сөйтіп ойран салып шаһарға,
Бүкіл аймақ ұшыраған қаһарға.
Гуманитарлық көмек келіп жан-жақтан,
Талай ақын жыр арнаған баһарға.
Көк шыққан соң соның бәрі ұмыт боп,
Болашаққа бет алады тұнық топ.
Қызылжар деп жүгірсек те шырылдап,
Пётр, Павл төрге шықты ұлық боп.
Мына дүние өтер қызыл-жасылды,
Өткен сайын бір ақиқат ашылды.
Фура-фура жеткен көмек соңында,
Қала күнін тойлау үшін шашылды.
Қала күні – тойшыл елдің шабыты,
Қала күні – ұлтшылдардың сабыты.
Қала күнін тойламаған адамның,
Әрқашанда дайын тұрар табыты.
Қала күнін мерекелеп тойлаған
Ел ішінде бар ма ұлтты ойлаған?
Шілде – Пётр бекінісін салған ай,
Тарихшылар қайда төрге бойлаған?
Судан зардап шеккен адам көп дейді,
Қиналғанның жаны қайтып көктейді?
Есебіміз келтірілген шығынды
Пәтер кілтін табыстаумен шектейді.
Тым болмаса бір жыл қара жамылып,
Жүрген дұрыс сар уайымға таңылып.
Амал қанша Пётр, Павл тұрғанда,
Тура жолдан адасамыз жаңылып.
Ұлттық болмыс домбыраңның үнінде,
Тербетіліп өткен таң, кеш, түнің де.
Тойдан өмір мәнін тапқан халықтың
Қайғы-мұңы қалған қала күнінде.
Несиесін жаппаса да қоймаған,
Ойланбай, өз тағдырымен ойнаған.
Қала күні жоспарланып тұрған соң,
Өз жерлесін жерлей салып тойлаған.
Қызылжарлық жамағатқа ес кірмес,
Ес кірмеген жанға мейрам ескірмес.
Асып кетсе, қызметіңнен босатып,
Айтқаныңда қаперіне еш кірмес.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇