Өлеңдер ✍️
САСЫҚ КЕУДЕ
Қандасым-ай, өзінше өркөкірек,
Айналасын көрмейтін көркөкірек.
Ұлттың қамын ешқашан ойлатпаған,
Жұрттың аузын бақтырған тор-көкірек.
Көкірегі оянбай қалған адам –
Төңірегін сасытып алған надан.
Кісәпірлік мақсатын орындатып,
Мүсәпірлік деңгейге барған қадам.
Елдің әбден қашырып берекесін,
Белден төмен тойлаған мерекесін.
Пенде, шіркін, кей кезде ойлайды ма?
Өз-өзіне жасаған келекесін...
Құлақ түрмес халқының данасына,
Үйір болмас өмірдің жаңасына.
Менмен, керме көкірек жанның ғана
Мүлдем білім қонбайды санасына.
Өлшенбейді дипломмен білім деген,
Мамандар көп қызметін жырым деген.
Шаққанымен ғылымның жілік-майын,
Надан ғалым жүректі тілімдеген.
Сасық кеуде оңдыртпас өз иесін,
Ит тірлікпен қашырған сөз киесін.
Қателігін түзетсең, қор боласың,
Шұлғи берсең басыңды, бөз киесің.
Сын айтамын, жаным бір ашығаннан,
Жыр жазбаймын, шабытым тасығаннан.
Хош иістен қашады сорлы қоғам,
Боқтан-боққа тұрақтап... сасығаннан...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇