Өлеңдер ✍️
ЗИЯЛЫ МЕН ЗИЯНДЫ
Зиялы кім, зиянды кім?
Бұл күрделі сын-сұрақ.
Мұхтар Шаханов
Ұлтшыл керек болмас мына халыққа,
Бағын теліп жіберген соң нарыққа.
Зияндылар маймөңкелеп жүрген соң
Зиялылар шыға алмай жүр жарыққа.
Бастық, байға қылмыңдаған сайқалың,
Байқамаған шаңырағын шайқарын.
Иттігінен жиренбестен оңдырмай,
Сасытады көңіліңнің «Байқалын».
Шарықтатып күннен-күнге қиялын,
Ойламайды ешқашан ес жиярын.
Кесірінен оңбай таяқ жеп алып,
Сеніміңе зар болады зиялың.
Сый-құрметке бөленген соң зиянды,
Көкірекпен көре алмайсың қияңды.
Қалталының қасиетін тұлғалық
Ашамыз деп босқа төгер сияңды.
Өткен тұрар келер көзін шалдырып,
Уақытыңа қажетіңді қалдырып.
Табан жалап төрге шықты зиянды,
Алдыңғыны аяғынан алдырып.
Өзін көктем санап, шыңға оздырар,
Қулығымен өз саласын тоздырар.
Көктемнің де зияны бар білгенге,
Ауырғанның ауруын бір қоздырар.
Зияндының диагнозы – іштарлық,
Болмаған соң сүйсінуге құштарлық.
Зиялыны төмендетпек ниетін
Қолдамайды тілегі – ақ тұстар лық.
Зиялылар ұлтын сүйіп өйткені,
Елдің қамы боп тұрады «сөйткені».
Керісінше аспандатып жіберер,
Зияндының өліп-талып «бөйткені»!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇