Өлеңдер ✍️
ХАЛТУРА МЕН ШЕДЕВР
Жеке бастан асырмай дауымызды,
Атау кере қыламыз қауымызды.
Қолпаштаудың жөнін де білмеген соң
Төмпешік қып жібердік тауымызды.
Шынайылық қалмаған маңымызда,
Сақталмады тектілік қанымызда.
Місе тұтқан әлдінің көлеңкесін,
Мәселенің мәнісі санымызда.
Жасандылық жайғасып төрімізде,
Улап-шулап топ құрған өрімізде.
Халтура мен шедевр арпалысып,
Бізді тыныш жатқызбас көрімізде.
Ахметтің оқымадық «Масасын» да,
Елемейміз ғылымның қасасын да.
Қалтыраймыз биікке шыға алмай,
Халтураның қалған соң тасасында.
Шаң басылып жатқан соң сырларымыз,
Ұлт болмысын қайтеді кір арымыз?!
Оқырманның көңілін таба алмайды,
Шын жүректен шықпаған жырларымыз.
Бүгін көркем шығарма жазылмаған,
Ойдың кені дұрыстап қазылмаған.
Шіренуге шамам жоқ ел алдында,
Әдебиет дос болмай тұр қазір маған.
Жан-тәніңді руханият жуындырар,
Мықты болсаң, адамдық туыңды ал.
Асқақталмас жазушы-ақындарың,
Жол тартпаса шедевр туындылар.
Ақылсыз көп жалғанның қорын бақты,
Жақтырса да өзінше жолы ақты.
Шедеврдің орыны – табалдырық,
Босатпаса халтура орынтақты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇