Өлеңдер ✍️
ГАЗЕТ ПЕН АЙФОН
Ұлтымның қорланғаны аз еді ме?!
Құны жоқ боқ дүниенің қажеті не?!
Ақпарат құралы боп жүрген айфон,
Жетпейді сырға толы газетіңе.
Өсегі дариядай сарқыраған,
Жұлдызы айфондардың жарқыраған.
Қайсысы шын, қайсысы жалған екен,
Ақпарын адам бар ма талқылаған?!
Руханият кесапаты ұрған адам,
Бағдарын баршылыққа бұрған адам.
Газеттің тілшісіндей жауап бермес,
Айфонның ар жағында тұрған адам.
Өткенде біреу жанды жаралады,
Тарихи тұлғаларды қаралады.
Аударып ел назарын арсыздықпен,
Ойланбай ұлы жолды саралады.
Осылай күз қылады көктеміңді,
Надандар қайтеді жыр төккеніңді.
Айфонда ескілік деп менсінбейді,
Газетте қастерлеген өткеніңді.
Ғалымның үңілмесе қазбасына,
Кім кепіл мемлекеттің азбасына?!
Газетті оқымайтын қызметкерлер,
Тәуелді білімсіздің жазбасына.
Тоқымай ата-баба даналығын,
Жазғыш көп жариялаған жаңалығын.
Газетке үңілмеген мұғалімнің
Шәкірті көрсетпейді саналығын.
Халқының жарамаса қажетіне,
Әскердің Отаныма қажеті не?!
Айфонмен шекараңды сақтай алмас,
Елінің көз салмаған газетіне!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇