Өлеңдер ✍️
КІТАП ПЕН АЙПАД
Арыстанның зар болдым айбатына,
Ел байланып заманның айпадына.
Қандай күнә тұр екен дайындалып,
Ойдан-қырдан жиналған ғайбатыңа?..
Жетелеген бақыттың хиуасына,
Руханияттың бас исең миуасына.
Кеңейтетін сананың көкжиегін,
Кие қонған білімнің диуасына.
Кітап – сенің жаныңды жадыратқан,
Дәрежеңді оқумен сатылатқан.
Айпад – сенің миыңды улап жатыр,
Қанша ақпар берсе де атыраптан.
Кітап жеті атаңды аялаған,
Әрбір сөзі болатын сая саған.
Айпад жетіп түбіңе, зар қақсатып,
Несиесін төлетіп, аямаған.
Айпад сенің ұқпайды шайлығыңды,
Бір-ақ күнде құртатын айлығыңды.
Кітап болса, қаныңмен тулап бойда,
Молайтады рухани байлығыңды.
Досым, білем, айпадың қымбат саған,
Сыртын қаптап, өзінше сымбаттаған.
Бірақ, естен шығарма, ақылы бар
Адамдарға кітапсыз күн батпаған.
Көрдім өмір құлын да, төресін де,
Көңіліңді бәріне бөлесің де...
Сорлы адам – қарызға батқан емес,
Кітабы жоқ үйдегі сөресінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇