Эсселер ✍️
Ұлы Жеңіске – 80 жыл: Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Авторы: Батыргали Шапағат Балтабайқызы
2025 жылы адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толатын мерейлі жыл. 1945 жылдың 9 мамыры – Жеңіс күні – жауынгерлік рухтың, қайсарлық пен ерліктің символына айналған қасиетті күн. Бұл күн — бейбіт өмір мен жарқын болашақ үшін күрескен батыр бабаларымыздың рухына бас иетін, тарихты еске алатын, елдік пен бірліктің қадірін түсінетін ерекше дата.
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам қатысып, олардың жартысынан көбі майдан даласында көз жұмды. Миллиондаған қазақстандық жауынгерлердің ішінде «Кеңес Одағы Батыры» атағын 497 адам, «Жапонияны азат еткені үшін» 234 адам, «Кореяны азат еткені үшін» 14 адам марапатталған. Майданда да, тылда да қазақ халқы ерен ерлік пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Ел қорғаған ерлермен қатар, еңбек майданында аянбай тер төккен аналар мен балалардың да жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мәскеуді өзінің жойқын жоспарымен қорғаған Бауыржан Момышұлы фашисттердің көзін құртқан. Рейхстагқа алғаш болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі халық жадында мәңгі сақтауля. Әлия мен Мәншүк секілді нәзік жанды қыздардың батыр атануы — қазақ қыздарының ержүректілігінің дәлелі.
Қазақстан аумағында бірнеше әскери дивизия құрылып, майданға жөнелтілді. Алматы, Шымкент, Қарағанды сынды қалалар әскери госпитальдерге, оқу-жаттығу орындарына айналды. Ұлы Отан соғысы жылдары 10 оқтың 9-ы Қазақстаннан, соның ішінде Шымкенттен шыққан екен. Жүздеген ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында ұйыстырған қазақ жері бірлік пен ынтымақтың бесігі болды. Бұл — біздің халқымыздың мейірімділігі мен кеңпейілділігін танытқан кезең еді.
Жеңістің 80 жылдығы — бұл тек тарихи межеге жету ғана емес, өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар жасау. Жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп келеді. Сондықтан олардың аманатын ұрпақ санасына сіңіру — біздің қасиетті борышымыз. Ерлік сабақтары — мектептер мен жоғары оқу орындарының тәрбиелік жұмысының өзегіне айналуы тиіс.
Бүгінде көк байрағымыз желбіреп, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымыз — сол Ұлы Жеңістің арқасы. Егемен еліміздің әрбір азаматы тарихтан тағылым алып, елге адал қызмет етуі қажет. Өйткені елдің ертеңі — бүгінгі жастардың қолында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇