Баталар ✍️

  20.03.2025
  308


Беташар

—Ашайын «бісміллә» деп келін бетін,
Айтайын бұрынғының өсиетін.
Халыққа бір қадірлі келді келін,
Сөз тыңда құлақ салып, әлеуметім!
Мінекей, әлеуметім, көрсең келін,
Келтіріп шешен сөйлер сөздің жөнін.
Сәлем еткен бұ келін,
Көрімдік дейтін қақы бар,
Тумалас туған жақын бар.
Ағалар «сөйле» дегесін,
Шайырың тұрып тақылдар.
Ана отырған атасы,
Қабыл болғай батасы.
Көрімдікке беретін
Малыңның атын аташы.
Түйе берсең ағынан,
Өспей қалса қайтейін,
Келін қарағым, бағыңнан.
Жылқы берсе бозыңнан,
Құлан құйрық тағыңнан.
Сиыр берсең қарадан,
Сауыныңа жараған.
Қойды берсең қоңырдан,


Қоңыр қаздай байпаңдап,
Қозысын ертер соңынан.
Ешкі берсе семізден,
Серке туар егізден. «Осыны айт» деп, әлеумет,
Мына отырған келінің
Шымшып алды санымнан.
А, Құдайым, пана бер,
Денсаулығын жана бер.
Екі иығымда екі періште,
Аузыма жауап сала бер.
Әуеде жұлдыз аспандай,
Дария суы тасқандай.
Сап азамат, сардар бек,
Мен сөйлейін, сабыр ет.
Ағалар сөйле дегесін,
Сөйлеуші едік жасқанбай,
Базардағы баршадай,
Кілем жапқан наршадай.
Бұ келінім бет алдына қарасам,
Қарсы біткен қайыңдай.
Күштілігін сұрасам,
Қалипаның жауындай.
Мықтылығын сұрасам,
Хазіреттің Алатауындай.
Суын туған тұлпардай,
Торғай қонған сұңқардай.
Тәтен дауыс таңдайлым,
Жете қарыс маңдайлым.
Бүлдіршін көйлек білегің,
Бүлкілдейді жүрегің. Оймақ ауыз, қиғаш қас,
Жазық маңдай, толқын шаш,
Құмырсқа бел, түйме бас,
Бісміллә деп бастайын,
Бетіңді ашып тастайын,
Тұрмайын мен де байбайлап.
Бойым сұлу болсын деп,
Сәукеле кидің моншақтап,


Шархат тарттың шашақтап.
Еліңнен азар келіпсің,
Көзіңнен жас бұршақтап.
Үйренерсің мұрсатта-ақ,
Әлі-ақ адам боларсың.
Кербез сұлу келіншек,
Болмағайсың еріншек.
Ана-енеңді сыйлап бақ,
Ақыретте иман тап.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала-құла демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз.
Ойына қарай қыраны,
Қырына қарай жыланы.
Атаға қарай отауы,
Енеге қарай жасауы.
Келін, осындай еді-ау заманың,
Ана отырған атасы,
Қабыл болар батасы.
Қоңырлы қойды айдаған,
Қазы менен қартаны
Қия кесіп шайнаған.
Көңілі оның Көкжардай,
Ақылы оның дегдардай.
Менменсіген дұшпанды
Табанға салып жүн қылды-ай.
Келінжан-ау, атаңызға бір сәлем!
Ана отырған енесі,
Қара жердің кемесі.
Келінім келді дегесін,
Көкке жетер төбесі.
Енеңізге бір сәлем!
Ана отырған қайнаға,
Көңілі шабар пайдаға.
Жасауы аз екен деп,
Жүгіре шығар пайдаға.
Қайынағаңызға бір сәлем!


Ана отырған абысын,
Абысын емес, аңдысын.
Абасыныңмен алыспа,


Өзі тисе қалыспа,


Өздігіңнен салыспа.
Абысыныңызға бір сәлем!
Ана отырған қайнысы,
Қайнысы деген қай кісі!
«Ағам қатын алды деп,
Маған кезек қалды» деп,
Күлімдейді байғұсың.
Қайныңызға бір сәлем!
Ана отырған бикеші,
Құрып отыр жүйкесі.
Бикешіңізге бір сәлем!
Ал келін, шырағым,
Дәулет сенікі,
Бейнет менікі,
Енді өзіме бір сәлем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу