Өлеңдер ✍️
ҚАЗАҒЫМ ҚАЙДА?
Қазағым қайда кешегі,
Ешкімге бермес есені.
Заманда өткен дүрілдеп,
Болғанды түгел есебі.
Үзілмей қонақ үйінен,
Жиылмай төрде төсегі.
Алауыздық жоқ болған,
Болмапты ондай кеселі.
Дау туса елдің ішінде,
Байыппен билер шешеді.
Қымызын ішіп, қазы жеп,
Дархан ел болған деседі.
Ержүрек ұлдар ел қорғар,
Осындай елде өседі.
Қазіргі қазақ өзгерді,
Азаттық алған кез келді.
Кейінге тастап құтылып,
Қиындық көрген кездерді.
Қарыштап дамып еліміз,
Байыған елді көз көрді.
Жағдай елде жақсарып.
Бір ғана адам басқарып.
Ешкімнен қалмай тырысып,
Талай бір істі атқарып.
ЭКСПО, Азияда өткізіп,
Кеткенбіз біз мақтанып.
Аямай ақша жұмсадық,
Қарыздар қалды сақталып.
Былықтар көптеп шығады,
Қазсаңыз түбін ақтарып.
Нарықта бәрі қымбаттап,
Басшылар жүрер ақталып.
Пара алу қылмыс өршіп тұр,
Кетпеуге болмас тоқталып.
Парақор ұры шетелге,
Қашуға тұрар оқталып.
Болса да бізде көп мұнай,
Жетісіп газды жақпадық.
Ұрпаққа бізден не қалар?
Ағайын енді тоқталық.
Қытайың кірсе жаулайды,
Жүрмесең жаудан сақтанып.
Теңіздей аққан мұнайдан,
Жүрмесін бізге қақ қалып.
Қарызға батып белшеден,
Қол- аяқ жіпсіз маталып.
Қытайдың арзан затына,
Жүрмейік ертең қақалып.
Далаға зауыт салам деп,
Өзі де келді тақалып.
Жерден, елден айрылып,
Жүрмейік ертең таң қалып.
Оянғын қазақ, ұйықтама,
Жүре де берме паңданып.
Кепілге берген жерлерін,
Айырылды мүлде сан халық.
Сол елдер құсап опық жеп,
Қалмайық қаңғып сандалып.
Бабадан қалған мұраны,
Қорғайық бірге жан салып.
Рухыңды оят қазағым,
Қолыңа дырау қамшы алып.
Еркін Оралбайұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇