Өлеңдер ✍️
КӨКТЕМ КЕЛІП
Наурыз айы көктем лебі сезіліп,
Сулар ағып жердің дені езіліп.
Қасау қарлар сай-салаға үйілген,
Ери бастап сары майдай шебі іріп.
Көктем келіп қыс мезгілі шегініп,
Қарды ерітіп ескек желі емініп.
Күндіз еріп, түнде қатып қыс қимай,
Бара жатыр шабан атын тебініп.
Еріген қар баяу ағып, ерініп,
Күн шуақтап тана-торпақ керіліп.
Қиқулайды ұшып келген қарғалар,
Қалғаны ма туған жерден жерініп.
Күн жылыған, көктем шеті көрініп,
Тарам-тарам аққан сулар өріліп.
Қыста қатқан өзендерге жан біткен,
Қалың мұздың қабырғасы сөгіліп.
Құрт-құмырсқа, жəндіктер де тіріліп,
Соққан желден көктем лебі білініп.
Кешкі салқын түскен кезде сəн беріп,
Ақмоншақтай талға мұздар ілініп.
Күн шуақта тай ойнақтап, желігіп,
Ит жүгірген, таймен бірге елігіп.
Қардан босап күн қыздырып жотасын,
Бу бұрқырап жердің беті демігіп.
Еркін Оралбайұлы 1.03.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇