Өлеңдер ✍️
ӘСІРЕЛЕП
Сананы ұлттық ездірген,
Отардың дəмін сездірген.
Кездерде болды кеңестің,
Мəжбүрлеп діннен бездірген.
Қазақты дінге жат қылған,
Шоқынып кейбір сатылған.
Дінді жақтап шыққандар,
Жауы боп халық атылған.
Қиындық біздер көп көрдік,
Заманды сұрқия өткердік.
Еркіндік алып қазағым,
Көкбайрақты көкке өрдік.
Исламға қайта бет бұрдық,
Істерден харам шет тұрдық.
Хақтығын танып Алланың,
Сəждеге құлап бет ұрдық.
Жаман мен жақсы қатарлас,
Ешкім де айтпас қата бас.
Уағыз айтқыш білімсіз,
Көбейді дүмше шата бас.
Уағыздар айтып күнара,
Қатеден батып күнəға.
Сөз сөйлеп Алла атынан,
Ақыретте түсер кім ара?
* * * *
Берген дінді Алла бізге бəсірелеп,
Ұрпақ та бар дінімізді өсер елеп.
Анық білмей хадистерді жарнамалап,
Алғандаймыз дінімізді əсірелеп.
Ешкімді де жатқаным жоқ айыптап,
Айтылмаса қоғам қалай айықпақ.
Алла атынан білместен сөз сөйлемей,
Əрбір сөзді айтайықшы байыптап.
Еркін Оралбайұлы 3.06.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter