Өлеңдер ✍️
СҮЙЕ БІЛУ
Қалай біз махаббатты түсінеміз,
Сезіммен түнде көрген түсің егіз.
Ғашықпын деп мақтанып жариялап,
Қадірін кейде сезім түсіреміз.
Еліріп сезім берген сəтті елеске,
Сүйемін, менікі деп қателеспе.
Бұл махаббат екі жүрек ортасында,
Жасырын құпиямен тəтті емес пе?
Оңаша, сүйгенді ойлап өзің ғана,
Бейнесін елестетіп көзің жана.
Тəтті сөз ғашығыңа сыбырласаң,
Болады сонда ғана сөзің дана.
Ғашықтар кездеспей ме айлы түнде,
Сыр шашпаған құпия жайлы мүлде.
Тал түсте құшақтасып жүргендер бар,
Алғандай ауыстырып айды күнге.
Қос жүрек қатар соқса тең көсіле,
Махаббат сені қоймас жеңбесіне.
Махаббат сезім еді бұрынғының,
Жасырын сыр қылатын жеңгесіне.
Ішкі сырды ақтардым жазып бүгін.
Мүмкін терең сезімім, жазықтығым,
Жалғыз ғана тілегім махаббаттың,
Алмайықшы жоғалтып нəзіктігін.
Еркін Оралбайұлы 6.02.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter