Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  71


Автор: Еркін Оралбайұлы

СЕНСІЗ ӨМІР

 


 


 


Жан екенсің сүю үшін жаратылған,


Əдемісің теңдесі жоқ дара туған.


Көрмей қалсам бірнеше күн, сені іздеп,


Сағыныштан жүрегіме жара тұнған.


 


Сенсіз өткен əр бір күнім қара тұман,


Төнгендей бір қайғы құсы  қанатынан.


Махаббат па билік еткен жүрегіме?


Емес едім көрсе қызар санатынан.


 


Кірпік ілмей талай ұзақ таң аттырғам,


Көкжиекке қимай күнді сан батырғам.


Саған деген сағынышым жанды қинап,


Шемен қылып жүрегіме қан қатырған.


 


Кешіктім бе бұл өмірдің сағатынан?


Қалмағандай бір мысқыл да тағатымнан.


Сені ойласам жүрегіме əн толады,


Айдын көлдей құс əніне жаға тұнған.


 


Сені қалап, осынша адам арасынан,


Сыр ұққанмын көздеріңнің қарасынан.


Тым болмаса сыртыңнан күнде көрсем,


Айығар ма ед(і) ет жүрегім жарасынан?


 


Өте ала ма, бұл жүрегім жаңа сыннан,


Айырыла ма, сенім атты панасынан?


Аударылып түскендей мен болмаймын ба?


Бұл өмірдің тағдыр атты шанасынан.


 


Еркін Оралбайұлы 26.03.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу