Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  65


Автор: Еркін Оралбайұлы

СЕНДЕ ӨСТІП

Сұлу бейнең көңіліме нұр төгіп,


Сезім шіркін жүрегімде тұр бөгіп.


Сүйгенім бе, қызғаныш па билеген,


Жүрем кейде кінə тағып, құр сөгіп.


 


Өкпелесең қайғы басар түн төніп,


Өмірімнің мəні кетер күн сөніп.


Өкпелейтін жөнің де бар асылым,


Жүрер дейсің кінə тақса кім көніп.


 


Өмір гүлін жүрсек дегем бір теріп,


Күмәнді ойлар қалар емес тіркеліп.


Əр нəрсеге қызғанатын болыппын,


Тырнақ асты іздегендей кір көріп.


 


Барамын ба, бір сен үшін өзгеріп?


Тұла бойды билеп алған өзге ерік.


Емес едім қатарынан əлсіз жан,


Өз ойы жоқ, жүретіндер сөзге еріп.


 


Сұлу бейнең көзіме енді елестеп,


Түн ұйқымнан оятады елес кеп.


Əлде сені мазалай ма бөтен ой?


Сезімімді шынайылық емес деп.


 


Сүйгенім ғой, емес еді сенбестік,


Өмір-өзен буырқанған селде өстік.


Қиналарсың бір күндері ғашық боп,


Қызғаныштан аласұрып сен де өстіп.


 


Еркін Оралбайұлы  27.04.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу