Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  120


Автор: Еркін Оралбайұлы

ТАҒЫ БІР КҮЗ

 


 


Жеміс-жидек жиналған бағы түрсіз,


Сәні кеткен қарайып шағы сұр түз. 


Өтіп жатқан жалғанның белгісіндей,


Уақыт жетіп, міне өтті тағы бір күз.


 


Борандатып келеді қағынып қыс,


Дірдек қағар жаз күнін сағынып құс.


Бұтақтарын талдардың қырау басқан,


Ақ моншағын алғандай тағынып қыз.


 


Аяқ асты сықырлап жарылып мұз,


Тұман басып кеткендей тарылып құз.


Ақ бораны қыс бойы ығыр қылып, 


Көктем айын күтерміз сарылып біз.


 


Артта қалды өмірден тағы бір күз,


Бұлт торлаған аспанды уағы күнсіз.


Көңіл кірін күткен көп, кетірер деп,


Жауған қардың тап- таза ағы кірсіз.


 


Сыры терең табиғат, әрі түпсіз,


Байланғандай тылсымға бәрі жіпсіз.


Кезек келіп көктем- күз  ескерткендей,


Өмір жоғын жалғанда кәріліксіз.


 


Жастық ұзап әр күзбен безді менен,


Тағдыр кесіп жатқандай кездігімен.


Өте берер өмірің қардай еріп,


Өтіп жатқан жылдардың мезгілімен.


 


Еркін Оралбайұлы 3.12.2018.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Жангелді
Жангелді 21.10.2025 00:47
Сіз өте жақсы жаздыныз рахмет сізге

Пікір жазу