Өлеңдер ✍️
ДОСТАРҒА ҮНДЕУ
Сүрінбейік достарым, шаршамайық,
Қуанышпен әр күнді қарсы алайық.
Көктем мен жаз алыстап кетсе-дағы,
Көктемдей боп, әлемге жар салайық…!
Сөге алмаймыз құбылса ауа-райды,
Күйімізге бізді аяп, қарамайды.
Дауылына өмірдің шыдас бермей,
Сынға сынып жатсақ біз, жарамайды.
Әр адамға сыйы бар Жаратқанның,
Сезінейік арайын әр ақ таңның.
Ақ пен қара бір жүрер өмір заңы,
Орындатар біздерге талаптарын…
Бұл күнді де біз ертең сағынармыз,
Қуанармыз,тағы да жабығармыз.
Мұқағали атамыз айтқанындай,
Біздер де бір архивтен табылармыз.
Сондықтан да, көңілді көтерейік,
Әрбір күнді шаттықпен өткерейік.
Бес күн жалған өмірде ойнап-күліп,
Қанаттанып самғайық, көкке биік…!
Өмір өтер, қамшының сабындай боп,
Жүрейікші мұңды алқа тағынбай көп.
Оу достарым, бақытқа ұмтылайық,
Алаулаған, сөнбейтін жалындай боп…!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇