Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  140


Автор: Еркін Оралбайұлы

ҚАЗАҒЫМА КЕРЕГІ АУЫЗБІРЛІК

 


 


Тәуелсіздік біз шығар асқарымыз,


Дос сүйсінсе, қызғанған қастарымыз.


Етек-жеңін ел жинап біз қуандық,


Дінге көптеп бет бұрып жастарымыз.


         


Осы емес пе, қиядан асқанымыз?


Төгілсе де тәубе деп жас қанымыз.


Дін оралып мұсылман ел болсақ та,


Жүргендейміз дәріптеп басқаны біз.


 


Сөйлеп жүрміз араптың мақамымен,


Ширк болды дәстүрлі іс мақылымен.


Жастарым көп Отанын мойындамас,


Өлшеп жүрген иманын сақалымен.


         


Дін осыда дегендей шаптыр балақ,


Талтаңдаған тәкәппар тап бір манап.


Толық ұқпай дін жолын адасып жүр,


Бейнамаз деп бауырын, кәпір санап.


 


Періштемен Алла өзі уахи берді,


Дұрыс оқып түсінсең таухиттерді.


Қазіргінің айтары өлім жайлы,


Дайындап бір жатқандай шахидтерді.


         


Өссе ұрпақ дұрыс ол тасбих жаттап,


Шала сауат кетпесе қази қаптап.


Әсірелеп уағызшы жүргендей ме,


Басқа өмірді көбірек насихаттап?


 


Заман ба, әлде, өзгерген адамдар ма?


Барып түрлі дін үшін қадамдарға.


Әркім келіп үйретер, әр мазхапты,


Дүмше молда дегендей надандарға.


         


Дініміздің алмайық парқын жоқ қып,


Сәні кеткен кілемдей әркім тоқып.


Күнә істеп онсыз да жүргендейміз,


Бір намазды жамағат әр түрлі оқып.


 


Өз халқыңнан бөлінген нағыз кірлік,


Қинады деп жаныңды жауыз тірлік.


Болам десе ұлы ел, жұрт сыйлаған,


Қазағыма керегі ауызбірлік.


        


Еркін Оралбайұлы 11.12.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу