Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  97


Автор: Еркін Оралбайұлы

МҰСЫЛМАННЫҢ БІР КҮНІ

 


 


 


Күнә істемей жүретін тірі жан аз,


Иман болса жүректің кірі қалмас.


Құлдық жасап Аллаға жалбарынар,


Парызының мұсылман бірі намаз.


 


Адал жүрсе өзіне жаза құрмай,


Түзу болар ақыл-ой таза қылдай.


Жүрген адам жұмақтан орын алар,


Бес уақыт намазын қаза қылмай.


 


Парыз еткен адамды жаратқанда,


Намаз парыз басқа іске талаптанба.


ТАҢ намазбен басталар әрбір күнің,


Құлан иек ағарып таң атқанда.


 


Айып емес сыйынып жылау жанға,


Күпірліктен болмаса қылау жанда.


Алты сүннет, парызбен БЕСІН кірер,


Тас төбеден қисайып күн ауғанда.


 


Намаз мәнін ұғарсың өңкей пенде,


Жүрекке нұр төгіліп көркейгенде.


Қаза қылма уақытын ЕКІНТІНІҢ,


Қызу қайтып, күн төмен еңкейгенде.


 


Шайтан келіп азғырса көнбейік те,


Мәртебесі дегеннің көп биікте.


АҚШАМ намаз оқығын дәрет алып,


Қызыл шапақ өшкенде көкжиекте.


 


Құран мәнін түсінер ұққан оқып,


Лас дүние адам жоқ, ұтқан шоқып.


Намазыңды бір күндік аяқтайсың,


ҮТІР УӘЖІП алдында ҚҰПТАН оқып.


 


Қаза қылып намазды болма қарыз,


Уақыт жоқ,- деп ерініп қылма арыз.


Әр аптада бір келер ұмытпағын,


Ер адамға екенін ЖҰМА парыз.


 


Еркін Оралбайұлы 1.10.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу