Өлеңдер ✍️
ЫНСАП БЕРСЕ
Кетті қазақ бүгінде неге жасып?
Шеше алмай əр істі шеке қасып.
Жүргендері жасқанып барлығынан,
Запы болған адамдай шеге басып.
Жерімізге көрінген ортақтасып,
Жатқандай бір кигізді ортақ басып.
Жерді берер кепілге жиылған ба?
Білімі жоқ біріңғай шорқақ бастық.
Ата заңды басшылар белден басып,
Тойынған соң ішіп-жеп, елден қашып.
Шегірткедей қаптаған қытайларға,
Ие болмай шекарадан келген асып.
Еліміздің байлығын шетке тасып,
Несібесін ұрпақтың кетпек шашып.
Біле ме екен жинаған арам заты,
Ажал жетсе қаларын текке сасып.
Депутаттар отырар ұйқы басып,
Тойынғаннан семірген сиқы қашып.
Үкіметке жақ ашпай мақұлдайды,
Істегені болған соң шикі кəсіп.
Қалғаныма құлдыққа сана қатып,
Ана тілін қорлап жүр шала шатып.
Байлықтары жер асты аз болғандай,
Байымақшы шетелге бала сатып.
Көз салсаңыз ауылға көңіл түріп,
Болып кеткен бейне бір өңір бүлік.
Ауыл тозған, көбінде ауыз су жоқ,
Тас дəуірде жатқандай өмір сүріп.
Қалар еді ауылдың кейпі кіріп,
Болмаса егер əкімі шикі-шірік.
Қай ауылға барсаң да жағдайы жоқ,
Ілдебайлап күн көрген күйкі тірлік.
Басшыларға шіркін-ай, ынсап берсе,
Орынымен қаржыны жұмсап келсе.
Барлығына ескерткіш қояр едік,
Əр қазаққа бір-бірден үй сап берсе.
Еркін Оралбайұлы 22.04.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇