Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  228


Автор: Еркін Оралбайұлы

ӨЗГЕНІҢ ӨЗ ОТАНЫ БАР

 


 


 


Қиқулаған көлдегі шағаладай,


Көп нәрсені жүреміз бағаламай.


Тіл, дін десе қаламыз кібіртіктеп,


Тасқа салған мәстектей тағаламай.


 


Бірдей көрдік бар ұлтты алаламай,


Тұрса дағы бөлініп ала малдай.


Өзге ұлтқа жағдайды жасап беріп,


Несібесін қазақ жүр ала алмай.


 


Көгергендей күтімсіз шарада май,


Күн көрерлік қалмады қарада жай.


Несібесін халықтың ұрлап жүрген,


Үкімет пен делдал боп арада бай.


 


Ештеме өнбес танысты жағаламай,


Онсыз кешіп жүресің жағада лай.


Ақша жеген бар жерде шенеуіктер,


Ұсталмайды болса да жазаға сай.


 


Не істер едік, егемендік алмағанда,


Желтоқсанда жастар із салмағанда.


Ойлағаны бәрінің өз қалтасы,


Елді ойлар бір басшы қалмаған ба?


 


Қылмайық деп өзгемен ортаны жар,


Отар қойдай болмайық қотаны тар.


Қазақ елім керек тек, қазағыма,


Көшіп кетер өзге ұлттың отаны бар.


 


Еркін Оралбайұлы  10.09.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу