Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  58


Автор: Еркін Оралбайұлы

ӘСІРЕЛЕП

 


 


 


Бөліп кейде ұлтына, кәсібі деп,


Әр нәрсені аламыз бәсірелеп.


Түйе жасап, түймеден улап-шулап,


Кей жағдайды кетеміз әсірелеп.


      


Неше түрлі желіде көшіп дерек,


Күннен- күнге ушығып өсіп ерек.


Өлгеннен соң еңбегін бағалаймыз,


Жатсақ қой тірілерді өстіп елеп.


 


Бұл әлеумет тоқтамас күш ағылған,


Босатпайды бір кірсең құшағынан.


Неше күннен Денисті жыр қылғанды,


Мерт болған бұзақылар пышағынан.


   


Ия, Денис азамат еңбегі бар,


Қола алып Олимпте жеңгені бар.


Әлі талай асуды асар еді,


Келмегенде қу ажал шеңгелі тар.


 


Исі қазақ қайғырды ұлдарың ғой,


Бірақ ерсі қол соғып қылғаның той.


Қазақ болса Денис Тен орынында,


Елемес едік дейді былғанып ой.


   


Қазақ шықса менсінбей топ қияға,


Көтереміз өзгені бұл, "фобия" ма?


Қазақ тілде сол ұлдар сөйлемесе,


Жат емес пе көкектей ол ұяға?


 


Оларсыз да қазақтың атар таңы,


Намысты ұлдың кей іске қатар қаны.


Қай сасқаны Дениске бермек болған,


Атағын қазақ халық қаһарманы.


      


Ат ойнақтар үйірде құлын жоқта,


Атой салған жігіт көп жұлып ноқта.


Көрінгенге берердей мәртебені,


Қаһарманға лайықты ұлың жоқ па?


 


Қашан елім жалтақтап пайда алдың,


Ұсақталып бұтадай майда талдың. 


Алтын алып Сиднейде ойқастаған,


Бекзат батыр өлгенде қайда қалдың.


      


Толмаған ба, бізде әлі ар кемелге?


Жасқанамыз соғардай жар кемеге.


Қайрат, Ләззат, Мұхтарға атағыңды,


Берсең қазақ маңдайға тар келе ме?


 


Өзтүрікті өлтірген қайран қазақ,


Айырылсын басыңнан қайдан азап.


Өз ұлыңды өгейсіп сыртқа теуіп,


Жиналасың өзге үшін майдан жасап.


      


Ел емессің Ордасыз, кең сарайсыз,


Неге өзгеден өзіңді кем санайсыз.


Ұл өсірсең жалтақ қып, болашаққа,


Осы болар жағдайың ең қолайсыз.


 


...Көпке бармай төзім де шыдай, сынар,


Сыр ақтарсаң ішіңнен шырай шығар.


Қаһарманды Дениске қимадың деп,


Талай адам мені енді сынай, сығар.


      


Еркін Оралбайұлы 27.07.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу