Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  98


Автор: Еркін Оралбайұлы

ҚҰЛДЫҚ САНА

 


(Көне грек тарихшысы Геродоттың сақтар жайында жазғанынан)


        


Қарсы келген жауларын түтіп өткен,


Айбарымен əлемді тітіреткен.


Сақ бабамның ерлігі зерттеп, біліп,


Талай шетел ғалымы пікір еткен.


 


Сақ батыры от-ойран жауға салған,


Европа жерлерін жаулап алған.


Бір жылдары жорыққа аттаныпты,


Қорек қылып аңдарын аулап алған.


        


Жаратқан соң жауынгер өктем етіп,


Сары құрлық бойына кеткен өтіп.


Барған жерде тұрақтап, билік құрып,


Біршама жыл қалыпты мекен етіп.


 


Қанық болған бар əлем атағына,


Кір келтірмей батыр Сақ атауына.


Бір күндері барлығы жиналыпты,


Оралмақ боп туған жер, отауына.


      


Олжаларын артынып күйме толған,


Туған жерді сағынған күйде болған.


Аман - есен жетсек деп асығыпты,


Отбастарын көрсек деп үйде қалған.


 


Ат желдіріп асығып, тербетіле,


Деген оймен балалар ер жетті ме.


Мол олжамен қалың қол таяныпты,


Артқа тастап ұзақ жол, ел шетіне.


        


Енді біліп болса да қанша мықты,


Туған жердің ыстығын қаншалықты.


Қуанышпен орнына күтіп алар,


Ел шетінде қалың қол қарсы алыпты.


 


... Сақтар елден кеткенге ұзақ жылға,


Сатып алған құл қалған аз-ақ пұлға.


Ұзақ хабар күйеуден болмаған соң,


Әйелдері құрғанды "тұзақ" құлға.


        


Құлға тиіп, жақын боп аралары,


Сатқындықпен жарларын алалады. Соғыспаққа сақтарды қарсы алған,


Құлдан туған қатынның балалары.


 


Жан аяспай сол құлдар айқасыпты,


Үш күн, үш түн екі жақ шайқасыпты.


Үшінші күн батырлар кеңес құрып,


Жеңе алмасын күшпенен байқасыпты.


     


Қара құлды жеңе алмай ар ұялған,


Ертең болар қысылып жариядан.


Қайтсек жауды жеңуге болады деп,


Ақыл сұрап келіпті қариядан.


 


-Ей, сақтар депті сонда жылы жүзбен,


Ерлігі асқан ер бар ма, ұлы бізден.


Бағындырған қамшымен өмір бойы,


Не істеп жүрміз соғысып құлымызбен.


     


Қамыттарын бұл құлдар салдырмай тұр,


Есепке ал барлығын қалдырмай құр.


Соғысқанға қылышпен, теңге санап,


Бізге олар сондықтан алдырмай жүр.


 


Əңгіртаяқ қамшымен ойнатайық,


Құл екенін еске сап ойлатайық.


Құл өмірі қамшы үнін  ұмытпайды,


Құлдық сана жүректе оятайық.


     


Осы сөзге барлығы тоқталыпты,


Жүректерін ызадан шоқ қарыпты.


Қамшы алып қарусыз қолдарына,


Қожайынша зекуге оқталыпты.


 


Ат артына қылышын өңгеріпті,


Қамшы ұстап шығуды жөн көріпті.


Дыбысынан қамшының суылдаған,


Шошып қаша сол құлдар жөнеліпті.


 


                      *******


   


Сана болса сөздің мəнін ұл ұққан,


Таза болса, өмір жолы қорлықтан.


Құлдық сана қалады екен мəңгілік,


Бостандық ап құтылса да құлдықтан.


 


Алла білер кім ұтылды, кім ұтып,


Ел билеген қазір міне кіл тұтық.


Отар болған ғасырлардың пайдасы,


Əлі жүрміз орыс тілін пір тұтып.


     


Орысқұлдар елімізді басқарып,


Билік бермес қазақ тілді жасқа анық.


Орыс тілде өсіп-өнген басшылар,


Ресей жаққа қарай берер жасқанып.


 


Еркін Оралбайұлы 21.05.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу