Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  204


Автор: Жібек Ысқақова

ӨМІР, ӨМІР… БҰЛ ӨМІР НЕТКЕН ӨМІР

Өмір, өмір… бұл өмір неткен өмір,
Жаз бен күз, қыс пен көктем өткен өмір.
Біреулерді қылдырып ең бақытты,
Енді бірін бақытсыз еткен өмір.
Өмір, өмір… бұл өмір неткен өмір,
Сәбилерге күн нұрын сепкен өмір.
Кей жандарға Алладан бұйрық келсе,
Дәм-тұзының соңына жеткен өмір.
Өмір, өмір… бұл өмір неткен өмір,
Бірде шаттық, бірінде өктем өмір.
Сабырлық пен адалдық ғайып болып,
Бізден алыс жырақтап кеткен өмір.
Өмір, өмір… бұл өмір неткен өмір,
Ғаламтордың үйіне көшкен өмір.
Жақсысы мен жаманы бірге жүрер,
Жарқ-жұрқ етіп жалындап өшкен өмір.
Өмір, өмір… бұл өмір неткен өмір,
Ащысы мен тұщысын төккен өмір.
Қиналғанда, мұңайып жылағанда,
Демеу болып бетіңнен өпкен өмір…
Өмір, өмір… бұл өмір неткен өмір,
Самал желдей сызылып ескен өмір.
Ағайындар, абысын, дос-жарандар,
Бірде тату, бірде араз кешкен өмір…
Араздықты қайтеміз, өмір өтер,
Бүгін бар да, ал ертең жоқ боп кетер.
Ынтымақта болайық, сыйластықта,
Оу адамдар, сыйлы боп күннен бетер….




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу