Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  100


Автор: Жібек Ысқақова

ТЕК БАҚЫТТЫ БОЛЫҢЫЗДАР, АДАМДАР!

Білем өмір өте шығар қас қағым,
Тарих алар жазып аңыз, дастанын.
Тек бақытты болыңыздар, адамдар,
Болсын мейлі қиындықтар, баста мұң.
Өтіп жатыр өмір жолы шырғалаң,
Қайғы-мұңнан көз аша алмай бұл далам.
Тасқын сулар басты жерін елімнің,
Суға кетті үйлерім көп, құм далам…
Жаңалықты қарай қалсаң ауырар,
Жауыздықты көріп жаның қамығар.
Ғаламтордың әлегі көп жаулайтын,
Алдау, арбау қасыңыздан табылар…
Үлкендерге құрмет қалды жат болып,
Кішілерге ізетіміз жоқ болып.
Менмендіктің күні туып оңынан,
Қатарлары артып жатыр, көп болып.
Аталардың баталары ең керек,
Жүруші едік әжелерге еркелеп.
Бұл күндері бәрі жатқа айналды,
Ұялымыз алға қарай жетелеп.
Шүкір дейміз, бейбіт біздің еліміз,
Тәубе етеміз тыныш біздің жеріміз.
Бір кем дүние-ай, жанды жейтін уайым көп,
Алаңдаймын, бұзылардай теңіміз…
Кезіміз бұл ақ, қараны бағамдар,
Қазақпыз ғой ертеңіне алаңдар.
Басыңызда қандай жағдай болмасын,
Тек бақытты болыңыздар, адамдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу