Өлеңдер ✍️
ҚАЛАДАН АТТАНЫП БАРАМЫН
ҚАЛАДАН АТТАНЫП БАРАМЫН
Емделген даланың жырымен,
Туған ел ұлыңның бірі мен,
Қаладан аттанып барамын,
Шыққандай шыңырау түбінен.
Домбыра – даламның тұрағы ән,
Мен,
Мен едім құлағын бұраған.
Абызым алдыңа барайын,
Арылып қасірет-күнәдан.
Жүрегім ақ нұрға тамсанып,
Жабығып жаттым мен қаншалық.
Тамұқтан тұрғызып кеткендей,
Періште дәл бүгін жан салып.
Жаныңды жадылар сиқыр ән,
Қорқамын даңғаза дауыстар сиқынан.
Тас табыт жүрегім тарсылдар,
Оянып ғасырлық ұйқыдан.
Алмадай алқызыл таңды үзіп,
Бойымда тулайды қан қызып.
Өшсе екен, көңілімнен көшсе екен,
Қызылды-жасылды бар қызық.
Ерліктің тағалап тарланын,
Ақ бұлтқа қондырған арманын.
Қаһарлы қара тау қойнында,
Бар менің періште жандарым.
Жүрекке шып толып кесе мұң,
Сағынып соларға жетемін.
Ауылдан, бауырдан алыстап,
Амал не, ертең-ақ кетемін.
Бейуақ қонақтап кеш өрген,
Қасірет төсегім төселген.
Үн-түнсіз қалаға қайтамын,
Сорлыдай соғыста досы өлген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇