Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  275


Автор: Жібек Ысқақова

БҮГІН БІЛІМ КҮНІНЕ

Киімі мен сөмкелері жарасқан,
Армандары ай, жұлдызбен таласқан.
Мектебіне қадам басты балалар,
Бір-біріне күлім қағып қарасқан...
Мектеп теңіз, білім кеме ертеңі,
Білім, ілім жанымыздың көркемі.
Көтерілер жаңа оқу жылында,
Әр мектепте білімнің ақ желкені...
Әрбір үйдің ұлы, қызы жас қанат,
Адымдарын тез-тез етіп бастап ап.
Бара жатыр білім алу жолында,
Үкілеген үміттерін арқалап...
 Бірі Әлихан ұлтымыздың ұланы,
Бірі Ахмет самғап ұшар қыраны.
Фариза мен Марфуға да табылар,
Жазылатын жүректегі жыр, әні.
Қыркүйектің бірі — «білім күні» бұл,
«Оқы, оқы және оқы» — мұны біл.
Сендер үшін бүтін қайта соғылар,
Ең алғашқы қоңыраудың үні бұл.
Мәнін біліп, ұғынып ап бұл күннің,
Қанат қағып биіктерге ұмтылғын!
Тағы бір жыл біліміңді ұлғайтып,
Қуанышы бола бергін жұртыңның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу